🇰🇿🇸🇦 Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудты қабылдады.
Толығырақ: https://t.co/QeYTsIsa2W pic.twitter.com/nhjVGU23e4
— President Kassym-Jomart Tokayev’s Press Office (@AkordaPress) June 6, 2022
Жаңалықтар
Ақорда
Қазақстан Президенті Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрін қабылдады
2022 жылғы 06 маусым
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудты қабылдады.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қатынастарды дамытудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Корольдіктің сыртқы саяси ведомство басшысына ілтипат білдіре отырып, оның бұл сапары еліміздің тарихындағы бетбұрысты сәтпен – жалпыұлттық референдуммен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Аталған аса маңызды шараның қорытындысы Жаңа Қазақстан құруға кірісуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның араб және ислам әлеміндегі басты серіктесінің бірі екенін атап өтті.
– Елдеріміз ортақ құндылықтарға негізделген саяси диалогты достық пен өзара сенім рухында дәйекті түрде дамыта береді. Қос киенің сақшысы Король Салман бен Әбдел Әзизбен және Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен арадағы табысты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенімізді білдіремін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, туризм, тау-кен металлургиясы және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы инвестициялық мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясының үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ тиісті келіссөздерді жүргізу үшін өкілетті үкіметтік делегацияны Эр-Риядқа жіберуге дайын екенін айтты.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Мекке мен Мединеде қазақстандық қажыларға қажетті жағдай жасалатыны және дәстүрлі қонақжайлық көрсетілетіні үшін Корольдіктің басшылығына ризашылығын білдірді.
Фейсал бен Фархан Сауд Арабиясы Королі мен Тақ мұрагерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді.
Министр екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Корольдік басшылығының дипломатиялық байланыстар орнағаннан бергі жан-жақты ынтымақтастық бағыттағы жетістіктерді жоғары бағалайтынын айтты.
Саудиялық дипломат Қазақстан Президентін елімізде референдумның табысты өтуімен құттықтады.
– Сауд Арабиясы Корольдігі Сіздің басшылығыңызбен Екінші Республиканы құру ісінде және Қазақстанның одан әрі өркендеуіне бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асыруды жалғастыруда табыс тілейді, – деді министр.
Фейсал бен Фархан Әл Сауд сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтудың перспективаларын егжей-тегжейлі талқылау үшін қазақстандық серіктестермен кездесу ұйымдастыруға сауд тарапы дайын екенін жеткізді. Бұл жуық арада Қазақстанда жоғары деңгейдегі кездесу өткізу үшін берік негіз болады.
Сонымен қатар кездесуде олар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Король Салман бен Әбдел Әзизге және Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа жүрекжарды сәлемін жолдады.
Кері қайту Кері қайту
kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kazakstan-prezidenti-saud-arabiyasynyn-syrtky-ister-ministrin-kabyldady-652047
🇰🇿🇸🇦 Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудты қабылдады.
Толығырақ: https://t.co/QeYTsIsa2W pic.twitter.com/nhjVGU23e4
— President Kassym-Jomart Tokayev’s Press Office (@AkordaPress) June 6, 2022