Мемлекет басшысы бірнеше облыс әкімін қабылдады

 

 

 

 

Жаңалықтар
Ақорда
Мемлекет басшысы бірнеше облыс әкімін қабылдады
2023 жылғы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдерін қабылдады.

Президентке облыстардың әкімдері өңірлердің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәліметіне сәйкес өткен жылы Маңғыстау облысында құны 25 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 15,8 пайызға артып, 762 миллиард теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 75,3 мың бірлікке жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға өскен. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 1,6 есеге ұлғайды. 2022 жылы Маңғыстау өңіріне шетелдер мен ел аймақтарынан 231 мың турист келді.

Мемлекет басшысына ауызсу мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, былтыр 12 ауылға су құбыры тартылды. Облыстағы ауызсу тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұшыту қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жоба жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Президентке өңір басшысы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, Ақтау қаласының инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, МАЭК кәсіпорнын қайта жаңғырту мәселелері жөнінде баяндалды.

 

Президенттің қабылдауында болған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгені құрағанын, ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асқанын айтты. Салаға 75 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 184 579-ға жеткен.

Мемлекет басшысына су құбыры бұрын-соңды болмаған жеті елді мекеннің ауызсумен қамтамасыз етілгені жөнінде мәлімет берілді. Биыл 25 елді мекенге ауызсу құбырын тартып, тозығы жеткен сумен қамтамасыз ету желісін жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 56 елді мекен табиғи газ құбырына қосылып, 47 елді мекеннің электр желілері жаңартылады.

Облыс әкімі өткен жылы 54 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 21-і пайдалануға берілгенін жеткізді. Биыл тағы 20 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 63 білім мекемесінің құрылысы мақұлданды. Бұдан бөлек, биыл ауылдық жерлерде 49 медицина нысаны салынады.

Президентке Сырдария өзені бойындағы елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды. Алдын ала қамданғанның нәтижесінде бес аудандағы 43 елді мекенді су басу қаупі жойылған. Толассыз жауған нөсер жауын салдарынан бірқатар ауданда жекелеген үй аулаларын су басып қалғандықтан, 200-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір жағдай тұрақтанып, тұрғындар үйлеріне оралды. Арнайы комиссия шығын көлемін анықтап жатыр.

 

Президентке Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде баяндады.

Облыс әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында құны 160 миллиард теңген болатын 62 инвестициялық жоба іске асырылады. Сондай-ақ өңірге 430 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, оның жартысы ауыл шаруашылығына бөлінеді.

Президентке көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары туралы да ақпарат берілді. Қазіргі уақытта 489 мың тонна тұқым себіліп, 180 мың тонна минералды тыңайтқыш беріледі. Сонымен қатар биыл акционерлер жаңа түтін құбырын салуға және ЖЭО-2 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуден өткізуге 6 миллиард теңге бөледі. 1,1 миллиард теңгеге 7,2 шақырым жылу желілерін жөндеу және қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Облыс әкімі өңірде 650 шақырым жол жөнделіп, 300 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын жеткізді. 16 мыңнан астам адам тұратын 22 ауылды сумен қамтамасыз ету ісі жақсартылды.

«Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысы туралы ақпарат жеке ұсынылды.

 

Одан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президентке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі, инвестиция тарту ісі, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқыны туралы мәлімет берді.

Ермағанбет Бөлекпаев 53 ірі жобаны жүзеге асыру қолға алынғанын, нәтижесінде 12 мың жұмыс орны ашылатынын айтты. Оның айтуынша, облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді. Жергілік органдар құны 18 миллиард теңге болатын 5,5 мың жобаны қаржыландырып 5,8 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар былтыр өңірде 597,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 1,2 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Биыл игерілмей жатқан 580 мың гектар жерді қайтару жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысына әлеуметтік саладағы жоспарлар жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерде 92 медицина нысаны салынады, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту аясында 2 ауданаралық аурухана құрылады. Сондай-ақ Қарағанды медицина университеті жанынан 300 орындық клиника мен 200 орындық перинатальдық орталық салу қарастырылған. Облыста 2023–2025 жылдар аралығында 18 заманауи мектеп салынуға тиіс.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың әкімдеріне былтыр өңірлерге жұмыс сапары барысында берген тасырмалары уақытылы әрі сапалы орындалуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз етуді және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-birneshe-oblys-akimin-kabyldady-1015529